Павлодар облысында ІІО ардагерлері мен жас полицейлер жүздесті
Павлодар облысында ІІО ардагерлері мен жас полицейлер жүздесті. Екі буын өкілдері полиция қызметінің түрлі қырларын талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрпақтар сабақтастығы – өткен мен бүгіннің, болашақтың арасындағы алтын көпір. Осы мазмұнды оймен өз баяндамасын ішкі істер органдарының құрметті ардагері, отставкадағы полковник Қали Смағұлов бастады.
- Қызметке келгенде, бір нәрсені мәңгілік есте сақта! Сенің адал еңбегің – Отанға қажет. Саған ел азаматтарының тыныштығы мен өмірін қорғау, қызметтік міндеттерді абыроймен атқару тапсырылды. Ақыл-ойың әрдайым сергек болуы тиіс, – деді ол.
Облыстық департамент бастығының орынбасары Жандос Орынбаевтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстелге Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Азат Сейілханов, ішкі істер органдарының ардагерлері мен жас полицейлер қатысты.
– Біздің басты міндетіміз – жас тәртіп сақшыларын отансүйгіштікке, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеуге және рухани жетілуге тәрбиелеу. Біз, аға буын өкілдері жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Өз тәжірибеміз бен білімімізді, ақпараттық, құқықтық және ұйымдастырушылық ресурстарымызды біріктіру арқылы ІІМ жүйесінде кәсіби жаңа буынды қалыптастыра аламыз, – деп атап өтті Жандос Орынбаев.
Кездесу барысында алдағы уақытта ардагерлер тарапынан кадеттерге арналған кәсіби бағыт-бағдар беру экскурсиялары ұйымдастырылатыны айтылды.
Жиын соңында жас полицейлерге алғашқы қызметтік куәліктерін ардагер тәлімгерлер салтанатты түрде табыстады.