Павлодар облысында киберқауіпсіздік бағытындағы ынтымақтастық күшейтілді
Павлодар облысында киберқауіпсіздік бағытындағы ынтымақтастық күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полиция департаменті облыс прокуратурасымен және Tele2/Altel байланыс операторы арасында киберқылмыспен күресті күшейтуге бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжаттың басты мақсаты — интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейту және өңірдің цифрлық қауіпсіздігін арттыру. Меморандум аясында тараптар киберқылмыстарды жедел анықтап, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған ақпарат алмасу мен бірлескен іс-шараларды үйлестіру тетіктерін бекітті.
Іс-шараға полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов, Tele2/Altel қауіпсіздік қызметінің басшысы Еділ Жанпейіс және облыс прокурорының бірінші орынбасары Ержан Дүйсекенов қатысты.
— Қазіргі таңда кибершабуылдар мен алаяқтық әрекеттер саны артып келеді. Қаскөйлер күн сайын жаңа әдістер ойлап табуда. Біз Tele2/Altel компаниясымен бірлесіп, оларға қарсы тұрудың тиімді жолдарын үнемі жетілдіріп отырамыз, — деді Болат Нұрсейітов.
Меморандум — мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы сенімді әріптестіктің айғағы. Ол азаматтардың дербес деректерінің қорғалуын қамтамасыз етуге және киберқылмыстың алдын алуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып табылады.