Павлодар облысында көлік айдау құқығы жоқ жүргізуші мас күйінде ЖКО жасады
Павлодар облысында көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші мас күйінде ЖКО жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сағат 11.00 шамасында Павлодар облысы Тереңкөл ауылының полициясына жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті.
– ЖКО орнына жеткен полицейлер анықтағандай, кінәлі тұлға оқиға орнынан бой тасалаған. Сондықтан тәртіп сақшылары қажетті шаралар қабылдап, нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Соқтығыс кезінде жүргізушінің мас күйінде болғаны анықталды. Жүргізуші Toyota Camry автокөлігін масаң күйде басқарып келе жатып, қалғып кетіп, қарсы қозғалыс жолағына шығып, қарсы жолақта өз жолымен келе жатқан Nissan маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Бақытымызға орай, ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ Nissan автокөлігі бүлінген, – деді Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Соқтығысудан оянған айыпты азамат соқтыққан автокөлік жүргізушісімен сөйлеспестен, полиция қызметкерлерін күтпей-ақ оқиға орнынан қашып кеткен.
Сондай-ақ, бұған дейін, 2019 жылы ер адам үш жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды, бірақ соған қарамастан, ол тағы да рульге отырған.
Тереңкөл ауданы сотының үкімімен 42 жастағы ауыл тұрғыны Қазақстан Республикасы ҚК-нің 346-бабы 2-бөлігі бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және көлік құралдарын жүргізумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айрыла отырып сотталды. Сотталушы ЖК басшысы және некеде тұрады.
Айта кетейік, жылдың басынан бері павлодарлық полицейлер көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және мас күйінде көлік құралын жүргізген 78 жүргізушіні ұстады. Әрқайсысына қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 346-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілді. Әрбір жүргізушіге қатысты қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті шаралар қолданылды.