Павлодар облысында көлік басқару құқығы жоқ мас жүргізуші қамауға алынды
Павлодар облысында көлік басқару құқығы жоқ мас жүргізуші қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар полицейлері көлік құралдарын мас күйінде жүргізген 668 жүргізушіні ұстап, жауапқа тартты. Мәселен, Ертіс ауылында шағын автобусты жүргізген Павлодар қаласының тұрғыны мас күйінде ұсталды.
23 шілдеде сағат 21.15 шамасында Ертіс ауылында Желтоқсан көшесінде патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Volkswagen Caravelle шағын автобусын көрді. Жүргізушінің көлік жүргізу тәсілі тәртіп сақшыларына күдік тудырды.
– Тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Сондай-ақ жүргізушінің көлік құралын жүргізуге құқығы жоқ екендігі анықталды. Медициналық куәландыру қорытындысының нәтижелері полицейлердің күдігін растады. Ер адам «ауыр дәрежелі» мас күйінде болды, – деді Павлодар облысы ПД Ертіс аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Үсенов.
Тәртіп сақшысы көлік құралдарын жүргізуге құқығы жоқ 30 жастағы азаматтың мас күйде көлік басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалғанын атап өтті. Полиция қызметкерлеріне құқық бұзушы туыстарына қонаққа келгенін, онда алкоголь ішіп, ауылды аралап шығуға шешім қабылдағанын түсіндірді. Материал сотқа жіберілді, оның шешімімен ер адам 20 тәулік мерзімге қамауға алу түрінде әкімшілік жазаға тартылды.