Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында колонияға 8 телефон өткізбек болған күдікті ұсталды

Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №45 мекемесінде тыйым салынған заттарды ішке алып өту әрекетінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

№45 мекеме қызметкерлері ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6679 әскери бөлімінің кезекші бөлімімен бірлескен тінту шарасы барысында азаматтан бірнеше тыйым салынған зат тәркіленді. Ол досымен кездесуге келген кезде Wi-Fi құрылғысын және 8 телефонды мекеме аумағына алып өтуге әрекеттенген.

Күдікті тыйым салынған заттарды өзінің жазасын өтеп жатқан досына азық-түлік арқылы жеткізбек болған.

Мекеме қызметкерлері сотталғандармен кездесуге келетін туыстарымен тұрақты түрде профилактикалық әңгіме жүргізіп, мекемеге қандай заттарды әкелуге болмайтынын түсіндіреді. Қажет жағдайда оларды тапсырып кету немесе үйде қалдыру қажеттігі ескертіледі. Бұдан бөлек, сәлемдеме мен бандероль жөнелту кезінде әрбір жөнелтушіге тыйым салынған заттарды беру жауапкершілікке әкелетіні туралы жазбаша ескерту жасалады. Соған қарамастан, кейбір азаматтар әртүрлі айла-тәсілдерге жүгініп, заңсыз әрекетке баруға тырысады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы негізінде әкімшілік хаттама толтырылып, материал Павлодар қаласының әкімшілік сотына жолданды.

– Тыйым салынған заттарды ішке алып өту әрекетінің алдын алу мекеме қызметкерлерінің және өз міндетіне адал қараған 6679 әскери бөлімінің Ұлттық ұлан сарбаздарының ұқыптылығы арқасында мүмкін болды, - деді №45 мекеме бастығының міндетін атқарушы Ардақ Иманғалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру