Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер елден шығарылды
Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзған төрт шетелдік сот шешімімен елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұзда өтіп жатқан "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырудың екі фактісін анықтады. Тексеру нәтижесінде зауыттардың бірінде Өзбекстан Республикасының алты азаматы, ал қайталама шикізатты қайта өңдеу цехында Тәжікстан Республикасының екі азаматы заңсыз жұмыс істегені белгілі болды.
Аталған шетелдік азаматтарда уәкілетті органдардың рұқсаты болмаған, ал жұмыс беруші оларды полицияға тіркемеген. Құқық бұзушыларға қатысты материалдар сотқа жолданды.
Павлодарда да заң бұзушылықтар анықталды
Павлодар қаласында да шетелдік азаматтың көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды. Тәжікстан Республикасының бір азаматы рұқсатсыз жұмыс істеген және ел аумағында ұлттық төлқұжатының жарамдылық мерзімі өткеніне қарамастан жүрген. Құқық қорғау органдары оны қабылдағыш-таратушыға орналастырды.
Сонымен қатар заңсыз жүрген шетелдікке тұрғын үй берген павлодарлық азаматқа 49 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Іс-шараның алғашқы күнінде полиция қызметкерлері 55 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның 33-ін шетелдік азаматтар жасаған.
Айта кетейік, "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы 15 наурызға дейін жалғасады. Тексеру барысында құқық қорғау органдары құрылыс нысандарын, кәсіпорындарды, қонақ үйлерді, сауда орындарын, ойын-сауық мекемелерін, сондай-ақ шетелдіктер тұрақты немесе уақытша тұратын мекенжайларды тексереді.
Полицейлер азаматтарды көші-қон заңнамасын сақтауға және құқық бұзушылықтардан аулақ болуға шақырады.