Павлодар облысында мал ұрлау күдігімен екі азамат ұсталды
Павлодар облысында мал ұрлау күдігімен екі азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының жедел қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында өңірдің екі тұрғынын анықтап, ұстады.
– Белгілі болғандай, аталған күдіктілер тамыз айында үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, жеке тұрғын үйдің ауласына заңсыз кіріп, қорадан төрт бас ұсақ малды ұрлап кеткен. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 200 мың теңгені құрады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандардың біреуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, екіншісіне ешқайда шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Ведомство өкілдері күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатқанын атап өтті.
Полиция азаматтарға малды қараусыз қалдырмау, тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ету және мал қораларын тиісті түрде бекіту қажеттігін ескертеді.
