Павлодар облысында мал ұрлығының алдын алу шаралары талқыланды
Павлодар облысында мал ұрлығының алдын алу шаралары талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінде мал ұрлығының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Кеңеске облыс әкімдігі мен прокуратура өкілдері, сондай-ақ ветеринария басқармасы, облыстық аумақтық инспекция және облыстық ветеринариялық станцияның мамандары қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – мал басын толық әрі жүйелі сәйкестендіру, қараусыз жайылып жүрген малдың алдын алу, сондай-ақ тиісті құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдауға жол бермеу мәселелері болды.
Жиында Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полициясы бастығының орынбасары Жаслан Танжанов мал ұрлығы деректерінің тіркелу ахуалы жөнінде баяндама жасады.
– Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша, ұрлықтардың басым бөлігі еркін жайылымдарда және күзетілмейтін аумақтарда, яғни мал қараусыз жайылған жерлерде жасалады, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар полиция ветеринариялық қызметпен бірлесіп, мал мен ет өнімдерінің тасымалына тұрақты бақылау жүргізіп келеді.
Тексеру шаралары барысында жайылымдардағы қараусыз мал, сауда орындары, базарлар, сою пункттері және мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын көлік құралдары қамтылады.
Бұл ретте мал айналымының заңдылығын растайтын құжаттарға және ветеринариялық талаптардың сақталуына айрықша назар аударылады.
Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді жұмыс мал ұрлығының алдын алуға және өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді.
