Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында мал жаю ережелерін бұзған азаматтар жауапқа тартылды

Павлодар облысында мал жаю ережелерін бұзған азаматтар жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Екібастұз қаласының көшелері мен айналасында еркін жайылып жүрген мал — жылқы мен сиырлар — көше келбетін бұзып қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де қатер төндіруде. Еркін жайылып жүрген мал елдімекен ішіндегі өсімдіктерді таптап, қоқыс жәшіктерін төңкеріп, автокөліктердің жүруіне бөгет жасап, жол-көлік оқиғаларының туындауына себеп болуда. Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің де жүріп-тұруына кедергі келтіріп, тұрғындардың өміріне қолайсыздық туғызуда.

Екібастұз қаласы полиция басқармасының қызметкерлері үй жануарларын қараусыз жайылуын болдырмау және мал ұрлығының алдын алу мақсатында тұрақты түрде түсіндіру және ескерту шараларын жүргізуде. Полиция деректеріне сәйкес, мал ұрлығының көпшілігі жануарлар иелерінің салғырттығынан — малдың қараусыз қалуынан болады.

Осы мәселеге байланысты Екібастұз өңірінде ауылдық округтердің барлығында қараусыз жүрген малды уақытша ұстауға арналған 14 арнайы қора орнатылды. 2025 жылдың басынан бері мал жаю ережелерін бұзудың 65 фактісі тіркеліп, 143 бас мал арнайы орындарға қамалған.

Алайда, мал иелері тарапынан белгіленген заң талаптарына әлі де толыққанды мән берілмей келеді. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарлары байлауда, қорада немесе бақташының бақылауында болуы тиіс. Дегенмен, көктем шыққалы ауылдар мен қаланың орталық көшелерінде еркін жайылып жүрген малды жиі кездестіруге болады.

— Қоғамда нақты тәртіп пен заңға бағыну барлық жеке меншік мал иелерінің жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін дұрыс атқарған кезде ғана қалыптасады, — деп атап өтті полиция басқармасында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру