Павлодар облысында мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды
Павлодар облысында мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыру кезінде полиция қызметкерлері жол жүру ережелерін өрескел бұзушылықтарға ерекше назар аударады. Мысалы, Успен ауылдық округін патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Audi 100 көлігін тоқтатты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес ауыл тұрғыны көлік құралын орта дәрежелі мас күйінде жүргізген.
– Жүргізушіге қатысты көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде жүргізгені үшін, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде тұрған адамға бергені үшін әкімшілік іс қозғалды. Материал сотта қаралды, онда сот қаулысымен ер адам 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлады Успен ауданының полиция бөлімінің бастығы Асқар Аралбаев.
Полиция қызметкерлері азаматтарды жол ережелерін бұзбауға шақырады.