Павлодар облысында мас жүргізуші бағанаға соқтығысқан
Павлодар облысында мас жүргізуші бағанаға соқтығысқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Май ауданының полицейлері бағанаға соқтығысқан ВАЗ көлігінің жүргізушісін, Көктөбе ауылының 62 жастағы тұрғынын тоқтатты.
– Тексеру кезінде жүргізушінің мас күйінде болғаны анықталды. Сондай-ақ осы көлікке қажетті құжаттар болмаған. Жүргізуші көлік өзініңкі емес, танысына тиесілі екенін айтты. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деп хабарлады Павлодар облысы Май ауданының полиция бөлімі.
Бұл әрекетпен жүргізуші өзінің өмірі мен денсаулығына ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларының өміріне де қауіп төндірді. Сонымен бірге ол көлікті бұзып, досына материалдық зиян келтірді.
Полицейлер осы жылы жүргізушілердің мас күйінде көлік құралдарын басқарудың 408 фактісі, оның ішінде Май ауданында екі фактінің жолы кесілгенін атап өтті. Барлық құқық бұзушылар қатаң әкімшілік жауапкершілікке тартылады.