Павлодар облысында мектеп мұғалімі ер адамға дене жарақатын салды
Павлодар облысында мектеп мұғалімі ер адамға дене жарақатын салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының Тереңкөл ауылында екі ер адамның арасында кикілжің туындаған.
– Жанжал қатысушысының бірі – мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол кикілжің кезінде екіншісіне дене жарақаттарын салған. Нәтижесінде жапа шегуші аудандық ауруханаға медициналық көмекке жүгінуіне тура келді, – деді Павлодар облысы Тереңкөл аудандық полиция бөлімінің бастығы Арман Кәрімов.
Күдіктінің айтуынша, жанжалды жәбірленуші бастаған. Ол мас күйінде дөрекі сөйлеп, аузына келгенді айтып, оның ар-намысын қорлаған. Ал мұғалім болса, оның әдепсіз сөздеріне ашуы келіп, қарсыласына жұдырықты жаудырған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 107-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Айта кету керек, күдіктінің бұрын да заң шегінен шығу фактілері болған. Ол мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.