Павлодар облысында оқушылар ІІО ардагерімен кездесті
Павлодар облысының Баянауыл ауданында полицейлер оқушылардың ІІО ардагері Айтжан Күлжановамен кездесуін ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқушыларды құқықтық сауатқа тәрбиелеу, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жасөспірімдердің құқық бұзушылықтары мен қылмыстарының алдын алу, сондай-ақ олардың құқықтық білім деңгейін арттыру мақсатында Баянауыл ауданы ПБ ювеналды полицейлері оқушылардың ІІО ардагері Айтжан Күлжановамен кездесуін ұйымдастырды.
Әңгімелесу барысында ардагер жастардың бойында бір-біріне деген толерантты, сыйластықты тәрбиелеуге басты назар аударды және мектептегі тәртіп ережелеріне, сыныптастарымен қарым-қатынасқа және құрдастарын қорлауға жол бермеуге жеке тоқталды.
ІІО ардагері жасөспірімдер арасындағы арандатушылыққа қарсы тұру мәселелерін қозғап, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшеде есепке қоюға әкеп соғуы мүмкін жағымсыз салдар мен проблемалар туралы ескертті. Жасөспірімдерге қай жастан бастап қылмыстық жауапкершілік жүктелетіні және қылмыс жасағаны үшін қандай жазалар қолданылатыны түсіндірілді.
Ардагер жасалған құқық бұзушылықтар үшін қандай салдар болатындығы туралы мысалдар да келтірді.
Кездесу тікелей диалог форматында өтті. Оқушылар қызықтырған сұрақтарын қойып, білікті жауаптар алды. Ардагер мектеп оқушыларын әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде мұқият болуға шақырды және оқушыларға проблема туындағанда әрқашан ата-аналарымен кеңесіп, қажет болған жағдайда полицияға хабарласу керектігін еске салды.
– Жасөспірімдер осы кездесуден барынша пайдалы мәлімет алатынына сенімдіміз. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттырады. Бұл өз кезегінде оларды ойланбай жасалатын әрекеттерден, қылмыстың құрбаны болуы мүмкін жағдайлардан сақтандырады, – дейді Баянауыл ауданы ПБ ювеналды полиция тобының аға инспекторы Дәметкен Әбікеева.
Айта кету керек, полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған ұйымдастырушылық-практикалық шаралар кешенін қабылдап жатыр.