Павлодар облысында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған 51 қылмыс тіркелді
Павлодар облысының аумағында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған 51 қылмыс тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстың учаскелік полиция инспекторлары отбасылық жанжалға қатысты төрт мыңнан астам қорғау ұйғарымын шығарды, мінез-құлыққа 500 ерекше талап белгіленді. Алкоголизм мен нашақорлықтан зардап шегетін 232 адам мәжбүрлеп емдеуге жатқызылды. Облыстың 478 тұрғынына алкоголь ішімдіктерін ішуге тыйым салынды.
– Ағымдағы жылдың басынан бастап Павлодар облысының аумағында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған 51 қылмыс тіркелді. Бүгінде отбасылық жанжал шығаратындар бұл 30 жастан асқан, жұмыс істемейтін, ешқандай қоғамдық пайдалы қызметпен немесе спортпен айналыспайтын, спирттік ішімдіктерді пайдаланатын, отбасылық-тұрмыстық негізде құқық бұзушылықтар мен жанжалдарға жол беретін адам, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Қайрат Сатыбаев.
Жүргізілген талдау нәтижесінде қылмыстың 56% немесе 29 мас күйінде жасалса, 31 жұмыссыз адамдар жасаған.
Тәртіп сақшылары облыс Полиция департаменті қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу бойынша барлық қажетті алдын алу іс-шараларын жүргізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында тұрмыста құқық бұзушылықтар жасауға бейім адамдардың, сондай-ақ қолайсыз отбасылардың тұрғылықты жері бойынша тексеру жүзеге асырылады.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар жасағандар 1 969 адам, оның ішінде қорғау ұйғарымын бұзған – 441 адам, ерекше талаптарды бұзған – 130 адам және алкоголь ішімдіктерін ішкені үшін – 5 389 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына қоғамдық орындарда мас күйінде болған 23 мыңнан астам адам жеткізілді.