Павлодар облысында өткен жылы 450 келіден астам есірткі құралы тәркіленді
Павлодар облысында өткен жылы 450 келіден астам есірткі құралы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нашақорлық және есірткі құралдарының заңсыз айналымы – бүкіл әлемдік қауымдастықтың ең өзекті мәселелерінің бірі. Бұл құбылыс оны шешу және алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан жүйелі әрі белсенді шаралар қабылдауды талап етеді.
- Облыстағы есірткінің заңсыз айналымы саласындағы ағымдағы ахуал мен оның дамуына әсер ететін факторларды талдау Павлодар облысында соңғы жылдары наркологиялық жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілгенін көрсетеді. 2025 жылдың басынан бері өңірде есірткіге байланысты 241 қылмыс пен құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 133-і есірткі қылмысы. Атап айтқанда, 116 дерек – есірткі заттарын сату, 7 дерек – аса ірі мөлшерде сақтау фактілері, – деп хабарлайды Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымға шамамен 455 келі есірткі құралдарының түсуіне жол берілмеді. Сонымен қатар есірткі құралдары мен психотроптық заттарды таратуға пайдаланылатын интернет-ресурстарды анықтау және бұғаттау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілді.
"Киберқадағалау" ақпараттық жүйесінде есірткі жарнамасы бар материалдар бұғатталды, "Антифрод" жүйесіне 1023 банк картасы бұғаттау үшін енгізілді.
2025 жылы есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 72 азамат ұсталды, олардың 66-на қатысты бұлтартпау шарасы орындалды. Сонымен қатар 4 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жедел қызметкерлердің күшімен өңір аумағына есірткі жеткізудің 12 арнасының жолы кесіліп, 3 интернет-есірткі дүкенінің қызметі тоқтатылды.
Жалпы, есірткі қылмысына қарсы күрес жұмысы жалғасуда. Жаңа технологиялар енгізілуде, алдын алу шараларына еріктілер тартылып, олар есірткінің қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Халық арасында есірткінің салдары, оны заңсыз айналымға тартудың жауапкершілігі және оның адам денсаулығына тигізетін зияны туралы хабардарлық деңгейін арттыруға бағытталған превентивтік іс-шаралар іске асырылып жатыр.
