Павлодар облысында «Пиротехника» ЖПІШ жүргізіліп жатыр
Павлодар облысында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заңсыз пиротехникалық өнімдерді сатуға қарсы рейдтер жүргізіліп, бірнеше құқықбұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп, Айманов және Торайғыров көшелерінде полицейлер рұқсатсыз сатылған пиротехникалық бұйымдарды тәркілеп, заң бұзған сатушыларға 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Сонымен қатар, сатушыларға кәмелетке толмағандарға отшашу өнімдерін сатуға тыйым салынатыны ескертілді.
Полицейлер әлеуметтік желілерді де назардан тыс қалдырмай, заңсыз саудамен айналысатындарды анықтауда. Осылайша, қала тұрғынының интернет арқылы пиротехникалық өнімдер сатқан әрекеті әшкереленді. Жас жігіт өз айыбын мойындап, салынған айыппұлды сатылымнан түскен қаражатпен төлеуге мәжбүр болды.
Полиция өкілдері тұрғындарды пиротехникалық өнімдерді пайдалану кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Отшашу сатып аларда сатушыдан өнімге сәйкестік сертификатын талап ету маңызды.
Құқық қорғаушылар ата-аналарды балаларға ерекше назар аударып, пиротехниканы өз бетімен сатып алуға және оны ересектердің бақылауынсыз қолдануға қатаң тыйым салу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырады.
Пиротехниканы пайдалану ережелерін орындау – өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Қарапайым сақтық шараларын ұстану арқылы мерекелік атмосфераны бұзбай, қуанышқа толы сәттерді есте қаларлықтай етуге болады.