Павлодар облысында полицейлер балаларды жол белгілері әлеміне саяхатқа апарды
Павлодар облысында полицейлер балаларды жол белгілері әлеміне саяхатқа апарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу – бүгінгі күні полиция қызметінің басты бағыттарының бірі.
Осы мақсатта Ертіс ауданының учаскелік полиция инспекторы Меркеш Қайраткеров бастауыш сынып оқушыларымен кездесу өткізіп, оларға жол белгілерінің мәнін, жаяу жүргіншілердің жүріс-тұрыс ережелерін, бағдаршам түрлері мен олардың сигналдарының мағынасын түсіндірді.
Сабақ барысында балалар алған білімдерін бекіту үшін жол қозғалысы тақырыбындағы суреттерді бояп, ойын түрінде саяхат жасады. Олар жолды қай жерден және қалай дұрыс кесіп өту керектігін, жаяу жүргіншілер өткелінің түрлерін, қозғалыс кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін іс жүзінде үйренді. Сонымен қатар жарық шағылыстырғыш элементтерді тағудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Полицейлердің айтуынша, мұндай шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Өйткені балаларды ерте жастан жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауға үйрету – болашақта жол-көлік оқиғаларының алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.