Павлодар облысында полицейлер балаларға жол қауіпсіздігін үйретуде
Павлодар облысында полицейлер балаларға жол қауіпсіздігін үйретуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы Ертіс ауданында жазғы демалыс маусымының басталуына орай полиция қызметкерлері балалардың жолда қауіпсіз жүріс-тұрысын қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды белсенді жүргізуде. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – балалар өмірінің қауіпсіздігін сақтаудың басты шарты.
Балалар лагерьлерінің ашылуымен бірге тәртіп сақшылары көше мен жол бойында арнайы қауіпсіздік сабақтарын өткізіп жатыр. Бұл шаралардың басты мақсаты – балаларды жол-көлік оқиғаларынан қорғау және оларда көшеде дұрыс, қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын қалыптастыру.
— Іс-шаралар оқу орындарында ғана емес, ашық алаңдарда да ұйымдастырылуда. Балаларға жол ережелері егжей-тегжейлі түсіндіріліп, қауіпсіз жүріс-тұрыс туралы жадынамалар мен көрнекі буклеттер таратылды, — дейді полицейлер.
Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүргізушілерге үндеу жолдап, балалар жиі жүретін аймақтарда – мектептер мен балабақшалардың маңында, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері мен аялдамаларда, әсіресе аулаларда – ерекше мұқият болуға шақырды.
Балалар қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ал полиция өз тарапынан жазғы демалыс кезеңінде әр баланың амандығы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.