Павлодар облысында полицейлер бетті тұмшалауға тыйым салатын заң нормасын түсіндірді
Павлодар облысында полицейлер бетті тұмшалауға тыйым салатын заң нормасын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған заң талаптарын түсіндіру жұмысын жалғастыруда. 12 шілдеден бастап қоғамдық орындарда бетті толық жабатын киім киюге тыйым салатын норма күшіне енді. Бұл шараның мақсаты – тәртіпті сақтау және азаматтарды қорғау.
– Тыйым адамның бетін тануға кедергі келтіретін гардеробтағы кез келген заттарға қолданылады. Олардың қатарына никаб, бурка, балаклава, медициналық маскалар (медициналық көрсетілімсіз), сондай-ақ басқа да бетті жабатын құралдар кіреді. Мұндай заттар бейнебақылау жүйелері мен бет-әлпетті тану технологияларының тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, қылмыстарды ашу мен құқық бұзушылықтарды тергеуді қиындатады, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД.
Кей жағдайларда күдіктілер ұрлық, тонау, алаяқтық және өзге де заңсыз әрекеттер жасау үшін әдейі бет-жүзді жабатын киімді пайдаланады. Алайда тыйым тұлғаның жүзін ашық қалдыратын дәстүрлі, діни немесе ұлттық киімге қатысты емес. Рұқсат етіледі: хиджаб, шейла, химар, аль-амира.
Аталған шектеу дінге немесе мәдениетке қарсы бағытталмаған, ол тек қана қоғамдық орындарда адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы барысында тұлғаның айқын көрінуін қамтамасыз етуге арналған.
Полиция халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізуде. Полицейлер жаңа заң нормаларын түсіндіріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап беруде және құқықтық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыс атқаруда.