Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер бірінші сынып оқушыларына сабақ өткізді

Павлодар облысы Алғабас ауылының мектебінде учаскелік полиция инспекторы бірінші сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелеріне арналған құқықтық сабақ өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесудің негізгі мақсаты – балалардың жолдағы қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын қалыптастыру және кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

– Бірінші сынып оқушыларына түсінікті әрі қолжетімді түрде жолдың жүру бөлігінен өту ережелері, жол белгілері мен бағдаршам сигналдарының маңызы туралы айтып бердім. Жолды тек белгіленген жерлерден кесіп өту, жүру бөлігіне жүгіріп шықпау және жолдан өтер алдында қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажеттігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ оқушыларға мектепке және үйге барар жолда қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіріп, жол маңында аса мұқият болу керектігін еске салдым, – дейді Ақсу қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторы Мақсұт Абдрахманов.

Сабақ барысында балалар полиция қызметкерінің сұрақтарына белсенді жауап беріп, түрлі жол жағдайларын талқылап, алған білімдерін бекітті.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар полиция қызметкерлері тарапынан тұрақты түрде өткізіліп келеді. Негізгі мақсат – балалардың қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау дағдысын ерте жастан қалыптастыру.

Полиция ескертеді: жол қозғалысының қарапайым ережелерін сақтау – өмір мен денсаулықты сақтаудың маңызды шарты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру