Павлодар облысында полицейлер мектептерде қауіпсіздік сабақтарын өткізуде
Павлодар облысында полицейлер мектептерде қауіпсіздік сабақтарын өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқықтық тәртіпті нығайту және профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында полиция қызметкерлері оқу орындарына тұрақты түрде барып, түрлі жастағы оқушыларға арналған қауіпсіздік сабақтарын өткізуде.

Инспекторлар дәріс барысында балаларға жаяу жүргіншілерге арналған жол қозғалысы ережелерін, мектепке барар және қайтар жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын түсіндіреді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтар мен ұсақ қылмыстар үшін жауапкершілігі, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, тыйым салынған заттардың таралу қаупі және интернет пен әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес береді.
– Алдын алу – қауіпсіз болашақтың кепілі. Полиция қызметкерлері алдағы уақытта да өскелең ұрпақтың бойында белсенді азаматтық ұстаным мен құқықтық мәдениетті қалыптастыра отырып, қауіпсіздік сабақтарын өткізуді жалғастырады, – деді Ақсу қаласы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айдар Сламбеков.
Мұндай кездесулер оқушылардың күнделікті өмірде саналы әрі жауапты мінез-құлық танытуына, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға ықпал етеді.
