Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер мен табиғат қорғаушылар экологиялық жауапкершілікті арттыруда

Павлодар облысында полицейлер қоршаған ортаны қорғау, тазалық пен қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар профилактикалық іс-шара өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ертіс ауданында полиция қызметкерлері әкімдікпен бірлесіп, "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында тұрақты рейдтер ұйымдастыруда. Тексеру барысында ауыл тұрғындарының бірі кесілген ағаш бұтақтарын үйінің қоршауы сыртына жинап қойғаны анықталды. Полицейлер бұл әрекетті абаттандыру қағидаларын бұзу ретінде бағалады.

Жыл басынан бері көшелер мен аулалардың тазалығына салғырт қарағаны үшін Ертіс ауданының 135 тұрғыны жауапкершілікке тартылған.

— Қоғам тазалығы — тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Азаматтарды шөп, бұтақ және құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген жерлерге төгіп, бейберекет қоқыс жинамауға шақырамыз. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана үйлеріміз бен көшелеріміздің көркін сақтай аламыз, — деді Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығы Төлеген Алпысбаев.

Ал Шарбақты ауданында полиция қызметкерлері табиғат қорғау ұйымдарының мамандарымен бірлесіп, жануарлар дүниесін қорғауға және табиғат қорғау заңнамасын бұзудың алдын алуға бағытталған іс-шара өткізді. Оның аясында орман алқабында құстарға арналған ұялар орнатылып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Мамандар табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Тұрғындарға жануарлардың мекендеу орындарын сақтау, оларға қатыгездік көрсетуге жол бермеу және табиғат қорғау заңнамасын сақтау қажеттігі түсіндірілді.

— Осындай іс-шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, мемлекеттік органдар мен табиғат қорғау ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді, — дейді Шарбақты аудандық табиғат қорғау полициясының инспекторы Қайрат Баисов.

Полицейлер мұндай шаралар өңір тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ортақ жұмысты күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру