Павлодар облысында полицейлер ойын-сауық орындарының қауіпсіздік деңгейін тексерді
Павлодар облысында полицейлер ойын-сауық орындарының антирейтингін жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Павлодарда дәмханалар мен барлардан полицейлерге 341 шақыру түсті. Сараптама бөлімшесі "102" арқылы келіп түскен құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды негізге ала отырып, ойын-сауық және көңіл көтеру орындарындағы қауіпсіздік деңгейіне мониторинг жүргізді.
Антирейтингке облыс орталығындағы ең көп шақыру түскен тоғыз ойын-сауық орны кірді. "Джавах" дәмханасына – 46, "Альфа-Т" дәмханасына – 43, "Гудзон" дәмханасына – 32, "Celentano" дәмханасына – 25 және "Chechil Pub" мейрамханасына – 22 шақыру түскен. Полицейлер аталған орындардың атына құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар жолдады.
"Заң мен тәртіп" қағидаты мұндай жағдайларда қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың маңызды элементі. Бұл қағидат – қылмыстың алдын алуға, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.