Павлодар облысында полицейлер өмірден өткен әріптестерінің отбасына барып қайтты
Павлодар облысында полицейлер өмірден өткен әріптестерінің отбасын жаңа жылмен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу қаласында полицейлер қаза тапқан әріптестері Асхат Кудериннің отбасын мерекемен құттықтады. Ол патрульдік полицияда қызмет атқарған. 2021 жылдың сәуір айында ауыр дерттен кейінгі асқыну салдарынан кенеттен қайтыс болды. Артында үш баласы қалды.
– Әріптестеріміздің өмірден өтуі тек туған-туыстарына ғана емес, онымен бір ұжымда ұзақ жылдар қызмет еткен қызметкерлерге де ауыр тиеді. Жаңа жыл қарсаңында Асхаттың отбасына барып, жұбайы Айгерім мен қыздарын құттықтадық. Отбасыларды қолдау – әріптестерімізге деген құрмет пен олардың жарқын бейнесіне деген тағзым, – деді Ақсу қаласының патрульдік полиция взводының командирі.
Балалар қонақтардың келгеніне қатты қуанды, ал жұбайы марқұмның есімін ұмытпай, құрметпен еске алып жүргендері үшін алғысын білдірді.
– Балаларыма жаңа жылдық көңіл-күй сыйлаған патрульдік полиция взводының қызметкерлеріне шын жүректен алғысымды білдіремін. Әріптестер жолдастарын ұмытпай, оның рухына құрмет көрсетіп келеді. Біздің отбасымызды ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Жыл сайын 8 наурызда да, жаңа жылда да құттықтап тұрады. Балалар әкелерінің достарын жақсы біледі және оларды әрдайым күтіп жүреді. Әрқайсыңызға зор денсаулық, молшылық, тыныштық пен береке тілеймін! Жаңа жыл жаңа мүмкіндіктер мен барлық мақсаттарыңыздың орындалуын сыйласын, – деп бөлісті Айгерім Кудерина.
Сондай-ақ Екібастұзда да полиция қызметкерлері қаза тапқан әріптесі Тоқан Ансаттың ұлын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Отбасына қолдау білдіріп, жылулық пен қамқорлықтың белгісі ретінде сыйлықтар табыстады.
Баласына және анасына жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, зор денсаулық, амандық және алдағы жылға жарқын тілектер айтты.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері марқұм әріптесінің есімі әрдайым есте сақталатынын атап өтті. Ол өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары маман әрі сенімді әріптес болған. Оның отбасына көрсетілген қамқорлық — қызмет жолындағы еңбегіне деген құрмет пен алғыстың белгісі.
Мұндай кездесулер игі дәстүрге айналған. Полиция қызметкерлері қаза тапқан әріптестерінің отбасылары ешқашан назардан тыс қалмайтынын, қолдау алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
