Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелге көмектесті

Павлодар облысында полицейлер өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын қызметкерлер өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдермен жүйелі түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізеді.

– Күн сайын біз Павлодар қаласының дағдарыс орталығында бірнеше рет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерімен кездесеміз. Әрқайсысына ана мен балаға қатысты мәселелер бойынша заңгерлік көмек көрсетіледі. Еліміздің “Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы” заңнамасын, сонымен қатар “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Қазақстан Республикасы Кодексінің нормаларын түсіндіреміз. Сонымен қатар әйелдерді жұмысқа, балаларды мектепке, балабақшаға орналастыруға көмектесеміз, – дейді Павлодар қаласы ПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Әсем Рахимова.

Мәселен, қала тұрғыны ішінде баласы бар арбаны және ес-түссіз жатқан әйелді көріп, бірден “102” мен жедел жәрдем шақырған. Шақыртуды өңдеу барысында полиция қызметкерлері Мәриям есімді әйелдің қиын өмірлік жағдайда екенін, көмектесетін ешкімнің жоқтығын және оның не істерін білмейтіндігін анықтады.

– Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары әрбір жағдайды жеке қарайды. Бұл жағдайда біз дереу көмек көрсеттік. Екі баласы бар әйел Дағдарыс орталығына жіберілді. Балалар балабақша мен мектепке жіберілді, – дейді Әсем Рахимова.

 

– Қазір полицияның көмегіне ризамын. Уақытша болса да басымда панам бар. Балалар орнығып, оқиды, құрбыларымен араласады. Орталықта жүргенде тағдырыма мемлекеттің бей-жай қарамайтынын, қиын кездерде олар міндетті түрде көмектесетінін, ең бастысы соған сену керек екендігін түсіндім, – дейді Мәриям.

Құқық қорғау органдары жыл басынан бері Дағдарыс орталығына 69 әйел мен 139 бала орналастырылғанын атап өтті. Әрбір әйел мен балаларға көмек көрсетілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру