Павлодар облысында полицейлер қараусыз мал иелерін анықтады
Павлодар облысы Ертіс ауданында "Қауіпсіз жол" іс-шарасы барысында автожол бойында қараусыз жайылып жүрген 25 жылқы анықталды. Полиция қызметкерлері мал иелерін жауапқа тартып, мұндай жағдайдың жол-көлік оқиғасына әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Ертіс ауданы аумағында учаскелік полиция инспекторы Ертіс ауылы маңындағы автожолда қараусыз жайылып жүрген 25 жылқыны анықтады. Бұл жағдай көлік жүргізушілері үшін жол-көлік оқиғасына әкеп соқтыруы әбден мүмкін еді.
— Полицияға хабар түскеннен кейін учаскелік инспектор мал иелерін анықтап, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалды, – дейді Павлодар облысы Ертіс ауданы жергілікті полиция қызметінің бастығы Атығай Айғазинов.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері Ертіс ауданында автожолдарда және қараусыз жайылымдарда жүрген 100-ден астам мал арнайы тұрақтарға қамалған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережесін бұзған 76 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.