Павлодар облысында полицейлер қызметтік автокөліктердегі QR-кодтарды жаңартты
Павлодар облысында полицейлер қызметтік автокөліктердегі QR-кодтарды жаңартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Адал ниетті полицей" кең ауқымды акциясы аясында өңірде патрульдік полицияның қызметтік автокөліктерінде, сондай-ақ ішкі істер органдарының әкімшілік ғимараттарында орналастырылған QR-кодтар жаңартылды.
– QR-кодтың көмегімен азаматтар полиция қызметкерлері тарапынан жасалған кез келген заңсыз әрекеттер, сыбайлас жемқорлық фактілері немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану туралы нақты уақыт режимінде хабарлай алады. Сілтеме арқылы өткен кезде өтініш беруші автоматты түрде WhatsApp мессенджеріндегі чатқа өтеді, онда анықталған заң бұзушылықтар жөнінде хабарлама жолдай алады. Халыққа қолайлылық үшін QR-кодтар патрульдік полицияның барлық қызметтік автокөліктеріне, учаскелік полиция пункттеріне және ішкі істер органдарының әкімшілік ғимараттарына орналастырылды, – дейді Павлодар облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасында.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар айында Қазақстанда полиция қызметіне деген халықтың сенімін арттыруға, сондай-ақ құқық қорғау органдары жұмысының ашықтығы, жауапкершілігі мен айқындығын қалыптастыруға бағытталған "Адал ниетті полицей" кең ауқымды акциясы бастау алды.
