Павлодар облысында полицейлер Республика күніне орай байқау ұйымдастырды
Павлодар облысына қарасты Ертіс ауданында полиция қызметкерлері сурет және қолөнер бұйымдары байқауын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика күніне арналған іс-шараға полиция қызметкерлерінің балалары қатысты.
– Біз қызметкерлеріміздің балалары арасында байқау жарияладық. Ең басты талап – суреттер мен қолөнер бұйымдары "Менің Отаным" тақырыбына сай болуы керек. Балалар өз жұмыстарында туған елдің сұлулығын сүйіспеншілікпен және мақтанышпен бейнеледі. Әрбір сурет пен бұйым – Отанымызға арналған ерекше бір жолдау, балалардың шығармашылық қабілетін көрсетеді, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Төлеген Алпысбаев.
Балалар байқауға зор ынтамен қатысты.
– Мен сурет салуды өте жақсы көремін, сондықтан әкем байқау туралы айтқанда бірден қатыстым. Сурет салып жатқанда полицейлер бізге қолдау көрсетті, – деді 8 жастағы Злата Дорденко.
Полицейдің жары Татьяна Ельмуратова балаларға арналған іс-шараны ұйымдастырған қызметкерлерге алғысын білдіріп, мерекемен құттықтады.
Іс-шара жылы атмосферада өтті. Қазылар алқасына ең үздік сурет пен бұйымды таңдау оңай болған жоқ, сондықтан әрбір қатысушы жеңімпаз атанып, полиция бөлімінің алғыс хатымен, тәттілермен және ойыншық полиция көлігімен марапатталды.