Павлодар облысында полицейлер студенттерге профилактикалық кездесу өткізді
Павлодар облысында полицейлер студенттерге профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласының политехникалық колледжінің студенттерімен Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өткізді.
Павлодар облысы ПД ҰҚҚБ жедел уәкілі Жанбота Елтинов жастармен жасөспірімдер арасында жиі кездесетін, орны толмас салдарға әкелуі мүмкін өзекті мәселелерді талқылап, мұндай құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін көзделген жауапкершілік туралы ескертті.
Полиция қызметкері студенттерге өзін-өзі ұстау ережелерін еске салып, қатарластары тарапынан болатын арандатушылықтарға қалай қарсы тұру және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берді. Сонымен қатар күн тәртібін сақтау және кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болу ережелеріне ерекше назар аударылды.
Еркін форматта өткен кездесу жастардың құқықтық білімін арттыруға және қылмыстың алдын алуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Жасөспірімдер талқылауға белсене қатысып, сұрақтар қойып, өз пікірлерін бөлісті.
– Біздің басты міндетіміз – әрбір студентті осындай заңға қайшы әрекеттердің салдары туралы алдын ала ескерту. Білім беру ұйымдары әрбір бала мен жасөспірім өзін толық қауіпсіз сезінетін орта болуы тиіс. Онда буллингке, қатыгездік пен агрессияға орын болмауы керек, – деді құқық қорғау органының өкілі.
Ведомствода кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тарту – өзекті мәселелердің бірі екенін, оны шешу Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес полиция органдарына жүктелгенін атап өтті. Осыған байланысты полиция олардың білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуде.
