Павлодар облысында полицейлер су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды
Павлодар облысында полицейлер су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Май ауданының полиция қызметкерлері суға шомылу маусымы басталған шақта жағажайларда тосын рейд ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары демалушыларға судағы қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындаудың маңыздылығын еске салып, әсіресе балаларға барынша назар аударуға шақырды.
Мамандардың айтуынша, мас күйде жағажайда демалу, рұқсат етілмеген орындарда шомылу, сондай-ақ балаларды су жағасында немесе орман алқабында қараусыз қалдыру — қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін негізгі факторлар. Рейд барысында полиция және төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері өзен-көлдердің жағалауларын түгел аралап, Ертіс өзенінің бойын да назардан тыс қалдырмады.
Демалушыларға арнайы жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылып, су айдындарында жиі орын алатын жазатайым оқиғалардың алдын алу жолдары және рұқсат етілген шомылу орындарының мекенжайлары көрсетілді.
– Басты талап – кәмелетке толмаған балалардың суға тек ересек адамның қарауымен түсуі. Өзен-көл жағасында балалар міндетті түрде үлкендердің бақылауында болуы қажет. Сонымен қатар, үлкендердің жағажайда өзін лайықты ұстауы, алкоголь ішімдігін тұтынбауы және ұялы телефоннан алаңдамауы өте маңызды. Су – аса қауіпті орта, бірнеше секунд ішінде тыныш демалыс орны орны толмас трагедияға айналуы мүмкін, – деді Көктөбе ауылының учаскелік инспекторы Нығмет Бахтияр.
Полицейлер демалушыларға қауіпсіздік белгілерінен асып жүзіп кетуге, таныс емес жерлерге сүңгуге және қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішуге қатаң тыйым салынатынын тағы бір мәрте еске салды.
Мұндай профилактикалық жұмыстар учаскелік инспекторлар тарапынан аулаішілік аумақтар мен саябақтарда да жүргізілді. Балалар мен ата-аналарға арналған арнайы жадынамалар мен брошюралар таратылып, белгісіз адамдармен қарым-қатынастағы қауіпсіздік ережелері және рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылуға болмайтыны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Әрбір азамат өз өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс, – деп мәлімдеді полиция департаменті.