Павлодар облысында полицейлер Тілдер күніне орай дөңгелек үстел ұйымдастырды
Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай Павлодар облысының тәртіп сақшылары мемлекеттік тілдің мәртебесін ардақтап, оның маңызын кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ертіс ауданы полиция бөлімінің ұйымдастыруымен "Мемлекеттік тіл – менің тілім" атты дөңгелек үстел өтті. Жиынды бөлімнің ақпараттық саясат тобының жетекші маманы Алмагүл Құсайынова ашып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен мәніне тоқталды. Ол сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" заңды іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Бұдан бөлек, бөлім бастығының орынбасары Семейхан Нұрғалиев тілдің бірлік пен рухани құндылық ретіндегі маңызы туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Іс-шараға қатысушылар барша қауымды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Жиын соңында мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға атсалысып жүрген белсенді азаматтарға алғыс білдірілді.
Ал Ақсу қаласында "Тіл – татулық тірегі" атты дөңгелек үстел өтті. Қалалық кітапханада ұйымдастырылған шара барысында полицейлер тілге байланысты мақал-мәтелдер айтып, өз ойларын ортаға салды.
– "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" заңда: “Тіл – халықтың асқақ жетістігі және оның ажырамас белгісі. Тілдің дамуы ұлттық мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан ол өзінің қоғамдық қызметін толық атқарады” деп көрсетілген. Бұл заң еліміздегі барлық 130-ға жуық ұлт өкілдерінің тілдеріне бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Алмас Байтен.
Жиын соңында полицейлер мемлекеттік тілді құрметтеу – әрбір азаматтың ортақ борышы екенін атап өтіп, ана тілімізді ардақтап, үнемі биік тұғырда ұстауға шақырды.
Осындай іс-шаралар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тіл саясатын қолдап қана қоймай, жас ұрпаққа тілдің қадір-қасиетін дәріптеуге бағытталған игі бастамалардың жарқын үлгісі болып табылады.