Павлодар облысында полицейлер түнгі рейд өткізді
Павлодар облысында полицейлер рейдтік іс-шаралар өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Май ауданының полиция қызметкерлері құқыққа қайшы әрекеттерден халықты қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. “Қауіпсіз чат” акциясы аясында тәртіп сақшылары аулалар мен қоғамдық орындарды аралап, жастармен және аудан тұрғындарымен кездесті.
- Іс-шараның басты мақсаты – интернет алаяқтықтарының алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Біз жиі қолданатын айла-тәсілдерді түсіндіріп, олардың құрбаны болмаудың жолдарын айтып бердік, — деп айтты Май ауданының ПБ бастығы Ринат Сартов.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары мынадай ережелерді еске салды: бөгде адамдарға банк картасының деректерін және SMS арқылы келетін кодтарды ешқашан бермеу; ақша аударудан бұрын ақпараттың дұрыстығын тексеру; әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде сақ болу; алдау әрекеттері байқалған жағдайда дереу полицияға хабарласу.
Алынған ақпаратты бекіту үшін полицейлер тұрғындарға қауіпсіздік бойынша практикалық кеңестер жазылған ақпараттық парақшалар таратты.
— Осындай алдын алу рейдтері алдағы уақытта да жалғасатын болады. Негізгі мақсат – тұрғындарды қылмыстық әрекеттерден қорғау және цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, — деп атап өтті Май ауданы полиция бөлімінің бастығы Ринат Сартов.