Павлодар облысында полицейлер тұрғындармен кездесу ұйымдастырды
Павлодар облысында полицейлер тұрғындармен кездесу ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар ауданында "Бақытты отбасы – бақытты ел" акциясы аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы Арина Мусина тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға Жұмыспен қамту орталығы мен Отбасын қолдау орталығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында "Отбасының амандығы үшін не қажет? Нағыз бақытты отбасы дегеніміз не?" тақырыбы талқыланды. Тәртіп сақшысы жүргізіліп жатқан профилактикалық шараларға тоқталып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары мен заң алдындағы жауапкершілігі жөнінде түсіндірді.
Өз кезегінде Отбасын қолдау орталығының мамандары қиын жағдайға тап болған азаматтармен жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Олардың қатарында жалғызбасты жандар, науқастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендер, өте төмен жалақы алатындар, жұмыс таба алмай жүргендер, көп балалы отбасылар, патронаттық тәрбиешілер мен балалар үйінің түлектері бар. Сондай-ақ олар көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрлері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Кездесу соңында отбасы институтын нығайту және жанұялық қатынастардың тұрақтылығын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар қабылданды.
– Шынайы бақытты отбасының іргетасы – толыққанды, сүйіспеншілік пен өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынас. Отбасы мүшелері бір-бірін сыйлап, қолдап, кез келген жағдайда жанынан табылса – міне, нағыз берекелі отбасы осы, – деп түйіндеді жиынға қатысушылар.