Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер үйінен кетіп қалған жасөспірімді отбасына қайтарды

Павлодар облысында полицейлердің көмегімен жыл басынан бері 84 бала отбасына қайтарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында екі 14 жастағы жасөспірім қыз үйден шығып кетіп, кешке дейін оралмаған. Балаларының жоғалғанын байқаған ата-аналар дереу полицияға хабар берген. Тәртіп сақшылары еріктілердің көмегімен жедел іздестіру тобын құрып, жасөспірімдердің болуы мүмкін деген барлық мекенжайларды мұқият тексерген. Келесі күні қыздар Павлодар ауылынан Павлодар қаласына қатынайтын маршруттық автобуста анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізіліп, ата-аналарына аман-есен тапсырылды. Бұл туралы полицияға автобус жүргізушісі хабарлаған.

Тексеру барысында қыздардың бірінің ата-анасымен келіспей қалып, құрбысының үйінде қонуға рұқсат берілмегендіктен, үйден кетіп қалғаны белгілі болды. Полиция өкілдері ата-аналармен және балалармен профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізді.

Полиция қызметкерлері ата-аналарға баланың мұндай әрекеті үшін оны кінәлауға болмайтынын ескертеді. Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар өз ойларын балаға зиян келтірмей жеткізе алмай жатады. Сол себепті тіпті жақсы ниетпен айтылған, бірақ дөрекі жеткізілген сөздер кейде жасөспірімдердің үйден кетуіне себеп болуы мүмкін. Баламен қарым-қатынаста сабыр сақтап, ойды байыппен, түсіністікпен жеткізу аса маңызды.

Тәртіп сақшылары бұл жолы бәрі сәтті аяқталғанын айтып отыр: балалар аман-есен табылып, қылмыскерлердің қолына түспей, ешқандай қауіпке ұшырамаған. Ата-аналар полицияға дер кезінде әрекет еткені үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысында хабар-ошарсыз кеткен 84 жасөспірімнің барлығы табылып, өз отбасыларына қайтарылған. Полицейлер тағы да еске салады: мұндай жағдайда ең маңыздысы — жоғалған адам туралы полицияға дереу хабарлау. Уақтылы әрекет — іздеудің табысты болуының басты кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру