Павлодар облысында полицейлер ұсақ бұзақылықтың 110-ға жуық дерегін анықтады
Павлодар облысында полицейлер ұсақ бұзақылықтың 110-ға жуық дерегін анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Павлодар облысының полицейлері ұсақ бұзақылықтың 110-ға жуық дерегін анықтады. Ұсақ бұзақылық – қоғамдық тәртіпті бұзатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың ең кең таралған түрлерінің бірі. Бұл бап қоғамға құрметсіздік танытатын түрлі заңсыз әрекеттерді біріктіреді.
- Мысалы Павлодар қаласындағы Қамзин көшесінде жедел басқару орталығының бейнекамералары темекі шегіп, тұқылын жерге тастаған азаматты анықтады. Тағы бір жағдайда камералар екі адамды тіркеп, олардың бірі темекі тұқылын белгіленбеген жерге тастағанын көрсетті. Айта кетерлігі, дәл сол жерде қоқыс жәшігі орналасқан болатын. Полицейлер тәртіп бұзушыларға әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салды, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті.
Әрбір азамат өз қоғамына жанашырлық танытып, кез келген құқық бұзушылықтан аулақ болуы тиіс, тіпті ол болмашы ұсақ бұзақылық болса да. Себебі құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеушілік" қағидаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың басты кепілі.
"Заң және тәртіп" қағидатын ұстана отырып, әрқайсымыз "Таза Қазақстан" бастамасын қолдап, заңға бағынатын, ұстанымы берік ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесімізді қоса аламыз.