Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер жасөспірімдердің түнгі жүрісін қадағалады

Павлодар облысында полицейлер жасөспірімдердің түнгі жүрісін қадағалады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласында заң талаптарының сақталуын бақылау мақсатында Ақсу қаласының полиция қызметкерлері түнгі рейд ұйымдастырды.

Рейд барысында қаланың бірқатар ойын-сауық орындары — дәмхана, түнгі клубтар, компьютерлік салондар және түнгі уақытта жұмыс істейтін өзге де мекемелер қамтылды. Тексерудің негізгі мақсаты — кәмелетке толмағандардың ересектердің еріп жүруінсіз жүруін анықтау, сондай-ақ 18 жасқа толмағандарды сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарына кіргізуге тыйым салатын ережелердің орындалуын бақылау.

Заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуынсыз сағат 22:00-ден кейін қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынады. Сондай-ақ ойын-сауық мекемелеріне түнгі уақытта жасөспірімдерді кіргізуге жол берілмейді. Бұл талаптарды бұзғаны үшін ата-аналар мен заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Полиция қызметкерлері мұндай шаралардың мақсаты жазалау емес екенін атап өтті. Басты міндет — балаларды ықтимал қауіптен, жағымсыз әсерден қорғау және олардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру. Түнгі рейдтер облыстың барлық елді мекендерінде тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.

Полиция азаматтарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру