Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер жоғалған баланы іздеп тапты

Павлодар облысында полицейлер жоғалған баланы іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

15 шілде кешкісін Шарбақты ауданының полициясына алаңдатарлық хабарлама түсті. Александров ауылында 13 жастағы бала жоғалып кеткен. Жасөспірім үйіне оралмаған. Бір минутты да жоғалтпай, тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарына дереу кірісті.

Іздеуге бейжай қарамаған ауыл тұрғындары да бірден атсалысты. Кешкі уақытқа қарамастан, ондаған азамат көшеге шығып, баланы табуға көмектесті. Куәгерлердің айтуынша, олар саябақтар мен қараусыз қалған аумақтарды, ауыл ішін толық шолып шыққан.

Полиция қызметкерлері ауылдан тыс жерлерді қамту үшін арнайы іздеу топтарын құрды. Бірнеше экипаж орман белдеулерін, егістік алқаптарын және жол бойларын бірнеше ондаған шақырым радиуста тексерді. Іздеу жұмыстары түн бойы тоқтаған жоқ.

Тек таңғы сағат 8 шамасында бала табылып, ата-анасына аман-есен оралды. Бақытымызға орай, денсаулығына зиян келмеген.

Жасөспірімнің әкесі Нұрпейіс Мұхитденов барлық іздеуге қатысқан жандарға шынайы алғысын білдірді.

– Рақмет айтуға сөз таппай отырмын. Ауыл тұрғындарына — көмек қолын созғаны үшін, ал полицияға — бір сәтке де үміт үзбей, түні бойы іздегені үшін алғыс айтамын. Ұлымның қасымда аман-сау отыруы – сіздердің еңбектеріңіздің арқасы, – деді ол.

Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығы Ардақ Ешмағамбетов бұл оқиғаның халық пен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы қаншалықты маңызды екенін көрсетті деп атап өтті.

– Мұндай жағдайлар біз бірігіп көп нәрсеге қол жеткізе алатынымызды дәлелдейді. Көмек көрсеткен барлық азаматқа шын жүректен алғыс айтамыз, – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру