Павлодар облысында полицейлер жыл басынан бері автожолдардың 3 мыңға жуық ақауын анықтады
Павлодар облысында полицейлер жыл басынан бері жалпы пайдаланымдағы автожолдарды тексеру барысында 3 мыңға жуық ақауды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Барлығы 25 мың шақырымнан астам аумақты қамтитын 1339 автожол зерттеліп, нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою үшін 1339 нұсқама берілді.
Жолдарды қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны және жол жұмыстарын жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін 274 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 10 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Сонымен қатар 2024 жылғы көше-жол желісі мен автомобиль жолдарын тексеру актілері негізінде мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының заңды талаптары мен ұсыныстарын орындамағаны үшін бірқатар заңды тұлғаларға шара қолданылды.
Мысалы жол жұмыстарын жүргізу және жол құрылыстарын күтіп ұстау ережелерін бұзғаны үшін “Қажсервис” компаниясының Павлодар филиалы 1,200 млн теңге көлемінде айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаевтың айтуынша, полиция қызметкерлері жолдардың, жол құрылыстарының, теміржол өткелдерінің және жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының пайдалану жағдайын жүйелі түрде тексеріп отырады. Бұл тексерулердің басты мақсаты – өңірдегі жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың салдарының ауырлығын азайту.