Павлодар облысында полиция ата-аналарға балалардың түнгі уақытта жүруіне жол бермеу қажеттігін ескертті
Полиция қызметкерлері ата-аналарға кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта үйден тыс жүруі үшін заң жүзінде жауапкершілік қарастырылғанын еске салады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізуде. Солардың ішінде ең жиі кездесетіні – балалардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта көшеде немесе ойын-сауық орындарында болуы. Ата-аналар мұндай әрекеттердің ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін түсінуі тиіс.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 2211 кәмелетке толмағанның түнгі уақытта үйден тыс жүргені анықталып, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ түнгі уақытта балалардың болуына жол берген 53 ойын-сауық орнының иелеріне қатысты да әкімшілік материалдар толтырылды.
Сонымен қатар ұсақ бұзақылық — оның ішінде қоғамдық орындарда балағат сөз айту деректері де назардан тыс қалмайды. Биыл осындай әрекеттері үшін 41 ата-ана жауапқа тартылып, олардың әрқайсысымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Полицейлер ата-аналарды балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың айналасындағы адамдар мен қызығушылықтары туралы хабардар болуға шақырады. Балаларға құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен тәртіп сақтау жауапкершілігін түсіндіру – ата-ананың басты міндеті.
Ең маңыздысы – балалардың түнгі уақытта үйде болуын және қауіпсіздік ережелерін сақтауды қамтамасыз ету.