Павлодар облысында полиция автоматтандырылған патрульдеуді кеңінен енгізуде
Павлодар облысында полиция автоматтандырылған патрульдеуді кеңінен енгізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында полиция заманауи патрульдеу технологияларын жүйелі түрде қолдануда.
Биыл облыс аумағында 1 040 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан өкінішке қарай 73 адам қаза тауып, 1 499 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Жол-көлік оқиғаларының күрделі ахуалына байланысты полиция жол қозғалысын бақылаудың жаңа, тиімді әдістерін енгізуді жалғастырып келеді.
Негізгі патрульдік экипаждармен қатар, өңірдің жолдары мен көшелерінде жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтарын автоматты түрде анықтайтын арнайы қызметтік автокөліктер пайдаланылуда. Бұл көліктер ZEREK-2, "Кибер-Шериф", "Оракул-С", EkinBox және EkinPatrol G2 автоматты фото-бейнебақылау кешендерімен жабдықталған. Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Берік Истаев хабарлады.
Ведомство мәліметінше, аталған кешендердің негізгі мақсаты — адам өмірі мен денсаулығына ауыр салдар келтіруі мүмкін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды тіркеу. Олардың қатарына белгіленген жылдамдықты асыру, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығу, сондай-ақ жол белгілері мен жол таңбалары талаптарын сақтамау жатады.
Автоматтандырылған патрульдеу нәтижесінде рұқсат етілген жылдамдықты арттырудың 123 мыңнан астам дерегі анықталған. Осыған байланысты полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
