Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полиция қолайсыз ауа райы кезінде 2600-ден астам автокөлікке жол көрсетті

Павлодар облысында полиция қолайсыз ауа райы кезінде 2600-ден астам автокөлікке жол көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы тәулікте Павлодар облысының автожолдарында ауа райының күрт нашарлауына және көру мүмкіндігінің нөлге дейін төмендеуіне байланысты бірқатар шектеулер енгізіліп, жекелеген учаскелерде барлық көлік түрлерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды.

- Жолдарда жиналған автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция бөлімшелері көлік колонналарын ұйымдастырып, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді. Колоннаға сапқа тұрғызу кезінде қызметкерлер жүргізушілерге ұйымдасқан топпен қозғалу тәртібін, белгіленген жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажеттігін түсіндірді. Полиция қызметкерлері төмен температура, қар мен боран жағдайында тәулік бойы қызмет атқарып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеуде. Қолайсыз ауа райы кезінде жолда қалған азаматтарды полиция қызметкерлері үйлеріне дейін жеткізді,- деп хабарлады Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаев.

Ауа райы және жол жағдайының нашарлау кезеңінде жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында Павлодар облысымен шектесетін өңірлерде автожолдарды бір мезгілде жабу туралы шешім қабылданды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде көптеген жүргізушілер қиын учаскелерден қауіпсіз өтіп, аман-есен жетті. Жедел арнаға патрульдік полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен дер кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірген 30-ға жуық қоңырау түсті.

Полиция жүргізушілерді көлік құралдарын қысқы кезеңге алдын ала дайындауға шақырады: шиналардың жай-күйін, тежеу жүйесін, техникалық сұйықтықтардың деңгейін және қажетті қысқы жабдықтардың болуын тексеру қажет.

Әсіресе жолаушылар тасымалдайтын көлік жүргізушілеріне және қалааралық трассаларға шығатын азаматтарға ерекше назар аудару сұралады. Жылдамдық режимін, арақашықтықты және маневр жасау қағидаларын қатаң сақтау, ауа райындағы өзгерістер туралы ақпаратты қадағалау және жолдар жабылған жағдайда сапарға шықпау қажет.

Ауылдық елді мекен тұрғындарына қолайсыз ауа райы кезінде алыс қашықтыққа жаяу жүріп өтуден бас тарту ұсынылады.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда "102" немесе "112" нөмірлері бойынша хабарласу қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру