Павлодар облысында полиция құны 100 млн теңгеден асатын вейпті тәркіледі
Заңсыз қызметі үшін 5 күдікті ұсталды. Павлодар облысы полиция департаментінің жедел қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен жалпы құны 100 миллион теңгеден асатын қауіпті электрондық темекі, темекі қоспалары мен сұйықтықтарды таратудың заңсыз арнасын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қойма ретінде жабдықталған жертөледе жедел қызметкерлер жүздеген мың электронды темекі құрылғысын, 1 миллион теңгеден астам ақша қаражатын, бухгалтерлік құжаттаманы, жазбалар және дәлелді маңызы бар басқа заттарды тапты.
Заңсыз қызметі үшін 5 азамат ұсталды, олар топта әрекет ете отырып, интернет-ресурстар арқылы Павлодар аумағында электрондық темекі мен құрамында никотин бар өнімдерді өткізуді ұйымдастырды.
– Темекіге жатпайтын темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тимур Қаржаубаев.
Полиция 2024 жылғы 20 маусымда Қазақстанда вейптерді, сондай-ақ оларға сұйықтықтарды тұтынудың электрондық жүйелерінің айналымына тыйым салатын заң күшіне енгенін еске салады.