Павлодар облысында полиция қызметкері автокөлік ұрлығын дер кезінде тоқтатты
Павлодар облысы Шарбақты аудандық полиция қызметкері автокөлік ұрлығын дер кезінде тоқтатты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шарбақты ауданында полиция қызметкері автокөліктің ұрлануына жол бермей, жоғары кәсібилік пен қызметтік борышына адалдық танытты.
Хмельницкое ауылының учаскелік инспекторы Саян Кадырханов автокөлік ұрланды деген хабар түсе салысымен дереу әрекет етіп, оқиға орнына жедел жетті. Іздестіру шаралары нәтижесінде көлік қысқа уақыт ішінде табылып, күдікті тұлға анықталды.
Ауыл тұрғыны учаскелік полицейге шұғыл әрекеті мен кәсіби көмегі үшін алғысын білдіріп, осындай қызметкерлердің болуы ел ішінде сенім мен тыныштық орнатуға зор ықпал ететінін атап өтті.
– Саян Кадырханов сияқты адамдар барда өзімізді қауіпсіз сезінеміз. Полиция әрдайым көмекке келуге дайын екенін білеміз, – деді автокөлік иесі.
Шарбақты аудандық полициясының қызметкерлері күнделікті қызметінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсауда. Бұл оқиға – тәртіп сақшыларының қырағылығы мен кәсіби шеберлігі қылмыстардың алдын алуда және тұрғындардың тыныштығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын айқын дәлелдейді.
