Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полиция қызметкерлері арасында қазақ күресінен чемпионат өтті

Павлодар облысында полиция қызметкерлері арасында қазақ күресінен дәстүрлі чемпионат өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

70-ке жуық тәртіп сақшылары татами үстінде өз күштерін сынап, мықтылар анықталды.

Биылғы турнирдің өткізілуі Қазақстан полициясының тарихында ерекше орын алатын оқиғалармен тұспа-тұс келді. Бұл шара 100 жылдығы тойланатын "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды.

Турнирдің басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің дене дайындығын жетілдіру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ ұлттық спорт түрін дәріптей отырып, ең үздік палуандарды анықтау.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеп, қатысушыларға  жеңіс тіледі.

– Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері үшін спортпен айналысу – кәсіби міндет. Бұл турнир салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі болып табылады, – деп атап өтті ол.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қайыржан Шақарғалиев турнирдің ұлттық спорт түрлерін дамытуға ықпал ететінін атап айтты.

– Біздің полицейлер әрқашан үлкен жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. Қызметкерлеріміздің арасында халықаралық және республикалық деңгейдегі чемпиондар бар. Олардың кәсіби деңгейін одан әрі арттырып, лайықты жеңістерге жететініне сенімдіміз, – деді ол.

Жарыс алты салмақ дәрежесі бойынша өтті. Әр палуан өзінің шеберлігі мен күшін көрсетіп, қарсыласын татами үстінде жеңуге тырысты. Қатысушылардың жекпе-жектері көрермендердің ерекше ықыласына ие болды.

Чемпионат қорытындысы бойынша келесі жеңімпаздар анықталды:

  • Еркебұлан Сапарғали, ҰҚКБ, 100 келіден жоғары салмақта.
  • Темірлан Қасымжан, ЖҚАЖ, 100 келі салмақта.
  • Талап Сағындықов, ОЖВ, 90 келі салмақта.
  • Шеризат Нұғарбеков, Павлодар қ. ПБ, 82 келі салмақта.
  • Қанағат Ыдырышев, ОЖВ, 74 келі салмақта.
  • Олжас Бараухан, Екібастұз қ. ПБ, 66 келі салмақта.

Командалық есепте жеңісті Екібастұз қаласының полиция басқармасы иеленсе, екінші орынды облыстық полиция департаментінің командасы, ал үшінші орынды Павлодар қаласының полиция басқармасының спортшылары жеңіп алды.

Чемпионатта жеңіске жеткен палуандар 2025 жылдың сәуір айында Петропавлда өтетін ҚР ІІМ "Полиция барысы" турнирінде облыс намысын қорғайды. Осылайша, жарыс – іріктеу кезеңі ретіндегі маңыздылығымен де ерекшеленді.

Спорттық мереке полиция қызметкерлерінің ұжымдық рухын көтеріп, олардың кәсіби және жеке қабілеттерін шыңдауға зор үлес қосты. Павлодар облысы полиция департаменті спорттық шараларды алдағы уақытта да жалғастыратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру