Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полиция қызметкерлеріне арналған гарнизондық нұсқаулық өткізілді

Павлодар облысында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлеріне арналған гарнизондық нұсқаулық өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл шара жеке құрамның қызметке толық дайындығын қамтамасыз ету және тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Нұсқаулыққа күн сайын қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шығатын полиция бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. Олардың қатарында патрульдік полиция батальоны мен ротасы, учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция қызметкерлері, арнайы бөлімшелер, кинологтар, тергеушілер, жедел уәкілдер және 5512 әскери бөлімінің сарбаздары бар.

Нұсқаулықты облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр жүргізіп, қызметкерлерге ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғау жөніндегі маңызды міндеттерді еске салды. Ол жеке құрамның қызметтік міндеттерін атқарудағы қажырлы еңбегін ерекше атап өтіп, ризашылығын білдірді.

– Мерекелік күндері қала мен облыс көшелерінде тұрғындар көп жиналады, бұл бізге қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қосымша жауапкершілік жүктейді. Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Қызметтік борышын мінсіз атқарып жүрген әріптестеріме шын жүректен алғыс айтамын. Әсіресе, отбасынан жырақта жүрген әскери қызметкерлер мен тәртіп сақшыларына ерекше ризашылық білдіремін. Өткен жыл біз үшін жаңа сын-қатерлерді тудырды, алайда сіздер кәсібиліктің озық үлгісін көрсетіп, барлық міндеттерді сәтті орындадыңыздар. Алдағы жылы да азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында маңызды міндеттерді абыроймен атқарамыз деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, қызметте табыс және отбасылық амандық тілеймін. 2025 жыл сіздер үшін сәттілік пен өркендеудің, армандар мен жоспарлардың орындалу жылы болсын, – деді ПД бастығы.

Жиын барысында департамент басқармаларының басшылары соңғы тәулік ішіндегі жедел жағдай туралы ақпаратты жеке құрамға жеткізіп, патрульдік қызметкерлерге тұрғындарға сыпайы әрі заң шеңберінде қызмет көрсету қажеттігін ескертті.

Дәстүр бойынша іс-шара салтанатты шерумен аяқталды. Әскери оркестрдің үнімен сап түзеген полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер өздерінің кәсіби дайындықтарын көрсетті. Нұсқаулық аяқталған соң тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметіне кірісті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру