Павлодар облысында полиция төленбеген қарыздары бар жүргізушіні анықтады
Павлодар облысында полиция төленбеген қарыздары бар жүргізушіні анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласында алимент, несие немесе әкімшілік айыппұлдарын төлемейтін жүргізушілерді анықтау бойынша рейдтік іс-шараларды патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тұрақты негізде жүргізуде. Павлодар қаласының жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында "Ораку", "Кибер-Шериф", "ZEREK-2" және "Мерген" жүйелері жұмыс істейді.
Патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Жандос Мейрамғазының айтуынша, патрульдеу барысында Nissan Primera автокөлігінің жүргізушісі тоқтатылған. Тексеру нәтижесінде жүргізушінің жалпы сомасы шамамен 9 млн теңге көлемінде өтелмеген несиелері бары анықталды. Осыған байланысты көлік құралы қарыз толық өтелгенге дейін арнайы айып тұрағына қойылды.
Ведомство мәліметінше, аталған материалдар кейіннен жеке сот орындаушыларына жолданып, қарызды өндіріп алу мәжбүрлі тәртіппен жүзеге асырылады.
Полиция жүргізушілерді заңнамада белгіленген талаптарды сақтауға және қарыздарды уақтылы өтеуге шақырады. Бұл мәжбүрлеу шараларының қолданылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
