Павлодар облысында пробация бақылауындағы азаматтар еңбек пен кәсіпкерлік арқылы жаңа өмір бастады
Тереңкөл, Ертіс, Ақтоғай, Баянауыл, Павлодар және Успен аудандарының пробация қызметтері есепте тұрған азаматтардың еңбекпен қамтылуына және кәсіпкерлікті дамытуына ықпал етіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының Тереңкөл, Ертіс және Успен аудандарының пробация қызметтері пробациялық есепте тұрған адамдарды әлеуметтік бейімдеу, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлік бастамаларын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Тереңкөл ауданында пробациялық бақылауда тұрған азамат екі кәсіпорында қазандықшы болып еңбек етуде. Ауыр дене еңбегіне қарамастан, өз міндеттерін жауапкершілікпен әрі адал атқарып, отбасын тұрақты табыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар тұрғын үйін абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, өз күшімен монша салып шықты. Жақында отбасында сәби дүниеге келіп, бұл қуанышты оқиға оның заңды өмір салтын берік ұстануына және алға қойған мақсаттарына жетуіне қосымша серпін берді.
Ертіс ауданында пробация есебінде тұрған азамат кәсіпкерлікпен айналысуға шешім қабылдады. Пробация қызметкерлерінің қолдауымен ол "Бизнес Бастау" бағдарламасы бойынша оқудан өтіп, бизнес-жоспар әзірлеп, дәнекерлеу цехын ашуға мемлекеттік грант иеленді. Бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, металл конструкциялар, қақпалар, қоршаулар дайындау және жеке тапсырыстар бойынша дәнекерлеу жұмыстарын орындау жолға қойылды. Жеке кәсіп ашу арқылы азамат тұрақты табыс тауып, қоғамға бейімделу мүмкіндігін арттырды.
Успен ауданында қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босап, пробация есебіне алынған және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматқа көмек көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, оған заңнамаға сәйкес әлеуметтік қолдау көрсетіліп, ауылдық округ аумағында қоғамдық жұмысқа орналастырылды. Қабылданған шаралар еңбек дағдыларын қалыптастыруға, тұрақты табыс табуға және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Павлодар облысының пробация қызметтері қайталама қылмыстың алдын алу және есепте тұрған азаматтарды табысты әлеуметтендіру бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр.
