Павлодар облысында профилактика кабинеттері ашылды
Павлодар облысында профилактика кабинеттері ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ бастамасымен Қазақстан Республикасының "Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы" Заңы мен "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған нысаналы профилактикалық жұмысты күшейту бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатыр.
– Тәжірибе көрсеткендей, аталған іс-шаралар кешенді тәсіл қолданылып, профилактика субъектілерімен өзара іс-қимыл жасалғанда барынша тиімді. Бұл ретте полицияның денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау органдарымен, әкімдіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтық қоғамның өзге де институттарымен күш-жігерін біріктіру мен үйлестіру маңызды. Осындай біріктіруші орталық ретінде "Профилактика кабинеттері" жұмыс істейтін болады. Мұнда криминогендік ахуалға әсер ететін әлеуметтік маңызы бар тәуекелдер бойынша консультациялық және превентивтік-ақпараттық жұмыс жүргізіледі, – деді Павлодар облысының полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Евгения Доброва.
Ведомствода нақтылағандай, профилактика кабинеттерінің жұмысына полиция қызметкерлері тартылып, құқықтық кеңес беру мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды үйлестіруді жүзеге асырады. Сондай-ақ психологтар – дағдарыстық жағдайлармен және тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен жұмыс істеу үшін, нарколог-дәрігерлер – тәуелділіктердің алдын алу мақсатында, медицина қызметкерлері – бастапқы консультациялар өткізу және бейінді мамандарға жолдау үшін, әлеуметтік қызметкерлер – қолайсыз отбасыларды сүйемелдеу үшін қатысады.
