Павлодар облысында қараусыз қалған ірі қара ЖКО-ға себеп болды
Павлодар облысында қараусыз қалған ірі қара ЖКО-ға себеп болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бір тәуліктің ішінде Павлодар ауданының полициясы арнайы тұраққа 70-тен астам ірі қара малды қамауға алды. Барлық қараусыз мал иелері анықталып, оларға 72450 теңге сомасында айыппұл салынды.
– Бірақ айыппұлдар тәжірибе көрсеткендей, тиімсіз. Мал қауіпті жағдайлар туғызып, облыс жолдарында жүруді жалғастырып жатыр. Мысалы 3 қарашада сағат 00:00 шамасында Шақат-Восточное автожолында, Безводное ауылының маңында жылқының қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан ВАЗ-212013 автокөліктің жүргізушісіне материалдық шығын келтірілді. Қаңғыбас жылқылардың иесі анықталды, ол Маралды ауылының тұрғыны болып шықты. 49 жастағы ауыл тұрғынына қатысты әкімшілік хаттама жасалып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ иесіне келтірілген залалдың орнын толтыру қажет, – дейді Павлодар облысының полиция департаменті.
Полицейлердің халықпен мал жаюды ұйымдастыру қажеттілігі туралы профилактикалық әңгімелері әрдайым нәтиже бермейді. Тек жекелеген елді мекендерде ауыл тұрғындары табындарды бақылау үшін бақташыларды жалдайды. Алдын алу шараларынан заңды шараларға көшу қалады. Жолдарда мал жиі пайда болатын учаскелер бойынша рейдтер ұйымдастыру керек.