Павлодар облысында қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер жауапқа тартылды
Павлодар облысында қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қауіпсіздік белдігі – көліктегі адамның жарақат алу қаупін барынша азайтатын негізгі қауіпсіздік элементтерінің бірі.
Қауіпсіздік белдігінің маңызы туралы бәрі білсе де, талаптар мен айыппұлдарға қарамастан, белдік тағу әлі күнге дейін жүргізушілер мен жолаушылар арасында толық дағдыға айналмаған. Статистика деректеріне сәйкес, қауіпсіздік белдігін қолдану жарақат алу қаупін 70% дейін төмендетеді.
– Жыл басынан бері Павлодар облысының полицейлері қауіпсіздік белдігін тақпаған шамамен 9,5 мың жүргізушіні жауапкершілікке тартты. Мысалы, Павлодар қаласының Лермонтов көшесінде патрульдеу барысында Nissan автокөлігі тоқтатылды. Жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл алды, – деп хабарлайды Павлодар облысы ПД.
"Заң мен тәртіп" қағидатын басшылыққа ала отырып, полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың өзге жүргізушілер үшін де қауіпті екенін еске салып, жолда барынша мұқият және сақ болуға, сондай-ақ заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
